Перизат Қайрат ісі: Назарбаев мектебінінің ата-аналары шамамен 1 млн теңге жинап берген
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот отырысында Biz birgemiz қорына әртүрлі көлемде қаржы аударып, зардап шеккен азаматтар жауап беріп жатыр.

Бүгінгі сот отырысында жауап алынған куәгерлердің бірі — елорда тұрғыны Сәуле Қуандықова. Оның айтуынша, 2024 жылы ата-аналар жарнамаға сеніп, қайырымдылық шарасына қатысуға шешім қабылдаған.
— 2024 жылы мен физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ата-аналар комитетінің төрағасы болдым. Су тасқыны болғанда, зардап шеккен жандарға көмек ретінде қаражат жинауды бастадық. Осылайша, Biz Birgemiz қорының жарнамалық науқанына сеніп қалдық. Ата-аналар маған сенім артты. Қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын ескере отырып, толық жауапкершілік менің мойнымда болғандықтан, оны өтеу де өз міндетім деп санаймын. 2024 жылғы 15 сәуірде біз 901 855 теңге көлемінде қаражат аудардық, — деді Сәуле Қуандықова сотта жауап бере тұрып.
Бұған дейін Перизат Қайрат ісі бойынша тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударғаны туралы жазған едік.
Кеше өткен сот отырысында Forte Bank маркетинг директоры Антон Ким тасқын кезінде Перизат Қайраттың қорына жеке шотымнан жарты миллион теңге аударғанын айтқан еді.
Сот отырысында белгілі болғандай Перизат Қайрат анасын ортаға салып, 23 млн теңгеге гүл бизнесін сатып алған.
Одан бөлек «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты.
Сондай-ақ танымал блогер Олжас Садық сотта куәлік ету барысында Перизат Қайратқа 83,5 млн теңгеге алданғанын айтты.
Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Перизат Қайраттың үстінен қозғалған іске қатысты пікір білдірді.