Перизат Қайраттың автокөлігі сатылымға шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Сотталушыдан тәркіленген көліктердің бірі 79 миллион теңгеге бағаланып отыр. Дегенмен, жылжымалы мүлік мемлекеттік заңды тұлғаларға берілуі де мүмкін.

Мерседес
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Sauda.e-qazyna.kz электронды сауда порталында MERSEDES-BENZ S450 маркалы автокөліктің құны 79 415 000 теңге деп көрсетілген. Ол мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілуі де ықтимал. Сонымен қатар бір ғана тұлғаға сатуға рұқсат етіледі. Өтініштер 7 сәуірге дейін қабылданады.

Құжатта жазылғандай, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ҚР Президентінің, мемлекеттік саяси қызметшілердің, ҚР Парламенті депутаттарының, мемлекеттік органдар мен олардың аппараты қызметкерлерінің қызметін қамтамасыз ететін органдарға бұл мүлік берілмейді.

Хабарландыруда автокөліктің 2024 жылы шыққаны, түсі қара, ал мемлекеттік нөмірі 777KPK01 екені жазылған. Бұл сипаттама ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылдың желтоқсан айында жариялаған видеодағы Перизат Қайраттан тәркіленген көлікпен сәйкес келеді.

Сонымен бірге жылжымалы мүліктің «Pandora» сигнализациялы кілті бар, шанақ нөмірі W1K2231611A132480, аккумуляторы өшкен (техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес).

MERSEDES-BENZ S450 көлігіне тыйым салынған. Ол қазір Астанада тұр. Ал сатушы – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Астана қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.

Еске салайық бұған дейін Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға сотталғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ сот Перизат Қайрат пен анасына шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

 

Соңғы жаңалықтар