Перизат Қайраттың «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігі таратылды — сот
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады.

Іс материалдарына сәйкес, осы заңды тұлғаны бастапқы мемлекеттік тіркеу 2021 жылғы 11 қазанда өткізілді. Бірлестіктің құрылтайшылары — 10 адам, олардың есімдері Қайрат Перизатты қоса алғанда, құрылтай жиналыстарының хаттамаларында көрсетілген. Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізіліп, қорытындысына сәйкес, 10 құрылтайшының 9-ының атынан құрылтай құжаттарына Қайрат Перизат қол қойған.
— Заңды тұлға Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес, заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заң бұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда, сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін. ҚР Жоғарғы Сотының «Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес — заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ заңды тұлғаны басшысын және (немесе) құрылтайшысын (қатысушысын) көрсете отырып тіркеу (қайта тіркеу) заңды тұлғаны тарату (жарамсыз деп тану) үшін негіз болып табылады. Бірлестікті құру кезінде анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, сот «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады. Шешім заңды күшіне енген жоқ, — делінген ауданаралық экономикалық сот үкімінде.
Еске салсақ, еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны 14 қарашада белгілі болды.
Артынша Перизат Қайрат параспорт федерациясындағы қызметінен алынды.
Сонымен қатар сот санкциясымен Перизат Қайраттың дүние-мүлкіне шектеу қойылғаны анықталды.
Бұған дейін Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырғаны туралы хабарлаған едік. Бұл эпизод бойынша Перизат Қайрат 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.
Кейіннен Перизат Қайраттың ісі 100 томнан асқаны мәлім болды.