Персеидтер метеор ағыны 13 тамызға қараған түні шарықтау шегіне жетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Персеидтер метеор ағынының белсенділігі 13 тамызға қараған түні шарықтау шегіне жетіп, аспанда ақ түсті метеорлар байқалады, деп хабарлайды ТАСС.
Мәскеу планетарийінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Персеидтер түнгі аспанды жылдам кесіп өтетін ашық ақ түсті метеорларымен ерекшеленеді. Олардың ең жарықтарының сәулесі бірнеше секунд бойы сақталуы мүмкін. Мұндай ерекше жарық метеорлар болидтер деп аталады.
Метеор ағынындағы бөлшектердің қозғалыс жылдамдығы секундына шамамен 60 шақырымға жетеді. Персеидтер Жер 109P/Свифт – Туттль кометасы қалдырған шаң-тозаң бөлшектерінің шлейфі арқылы өткен кезде пайда болады.
Комета Күнді шамамен 134 жылда бір рет айналып шығады. Келесі жолы ол Жерге 2126 жылғы 12 шілдеде жақындайды.
Жыл сайын тамыз айында Жер осы комета қалдырған ғарыштық шаң мен мұз бөлшектерінің бұлты арқылы өтеді. Құм түйіршігіндей ұсақ бөлшектер атмосферада жанып, аспанда жарқыраған із қалдырады. Халық арасында бұл құбылыс «аққан жұлдыз» деп аталады.
Метеор ағынының ең белсенді кезеңі тамыз айындағы түндерге сәйкес келеді, содан кейін оның қарқындылығы біртіндеп төмендейді.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік жарты шарда, оның ішінде Қазақстанда да Персеидтерді анық көруге болатыны хабарланған.