Петропавл 2-ЖЭО «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауыстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Петропавл 2-ЖЭО ҚР Энергетика министрлігінің тәуекелдер картасындағы «қызыл» аймақтан тұрақты «сары» аймаққа ресми түрде ауыстырылды. Бұл туралы («СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ хабарлады.
Солтүстік Қазақстан облысының негізгі энергия көзі саналатын станцияның мәртебесін өзгерту жүйелі жаңғырту жұмыстары, инвестициялар көлемінің артуы және персоналды даярлаудың заманауи тәсілдерін енгізу нәтижесінде мүмкін болған.
Компания мәліметінше, технологиялық бұзылулар саны 55-тен 23-ке дейін қысқарған.
– Қол жеткізілген нәтижелер – жүйелі тәсілдің тікелей салдары. Бірақ тоқтауға болмайды. Міндеттердің көкжиегі мен көлемі толық түсінікті, станциядағы өзгерістер айқын, ал «сары» аймаққа ауысу таңдалған бағыттың дұрыстығын дәлелдейді, – деп атап өтті Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясы басқарма төрағасы Бағдат Орал.
2026 жылы СЕВКАЗЭНЕРГО компаниясы Петропавл 2-ЖЭО-ны жөндеу мен кешенді жаңғыртуға 20 млрд теңгеден астам қаржы бағыттайды. Жоба толықтай компанияның өз қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Инвестициялық жоспар аясында №2 қазандық агрегатын қайта құру, бес қазандық агрегаты мен бір турбоагрегатты күрделі жөндеу, жаңа газ өткізгіштер салу және станция кешенінің ғимараттары мен құрылыстарын жаңарту көзделген.
Сонымен қатар 2027 жылы №3 түтін мұржасын қайта жаңғырту аяқталады деп жоспарланып отыр.
Станцияда кадр даярлау жүйесі де жаңартылған. Қазіргі уақытта Петропавл 2-ЖЭО-да Power Plant Simulator бағдарламасының алғашқы кезеңі – станцияның толыққанды «цифрлық егізі» енгізілген. Виртуалды симулятор қызметкерлерге апаттық жағдайларды қауіпсіз ортада пысықтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, кәсіпорында қауіпсіздікті бақылаудың үш сатылы жүйесі енгізілген.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл тәсіл ықтимал бұзушылықтарды алдын ала анықтап, олардың салдарын болдырмайды.
Сондай-ақ соңғы жылдары байқалған білікті мамандардың жаппай жұмыстан кету үрдісін тоқтату мүмкін болған.
– 2-ЖЭО жабдықтарын жаңғырту тұтынушыларға энергия жеткізу инфрақұрылымын жаңартумен қатар жүруі тиіс, – деді Бағдат Орал.
Айта кетейік, бұған дейін Петропавл ЖЭО-2-де зиянды шығарындылар 3,5 есеге азайғаны хабарланды.