Петропавл әкімі Қала күнін белгілеу үшін тұрғындардан көмек сұрады
ПЕТРОПАВЛ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Петропавл әкімі Төлеген Закариянов БАҚ арқылы шаһар тұрғындарынан Қала күнін атап өту датасын анықтау бойынша мәселені талқылап, түпкілікті шешім қабылдауды өтінді.
Петропавлда қала күні 1996 жылдан бері 12 шілде саналады. Бұл мәслихаттың сессиясында қабылданған шешім. Бірақ кейінгі жылдары шаһардың туған күні кейінге ысырылып, не 6 шілде - Астана күнімен бірге атап өтіліп келді.
«Қаланың нақты қалыптасқан күні туралы тарихшылардың, өлкетанушылардың, тілшілердің пікірлері 10 жылдан астам уақыттан бері бір арнаға тоғыспай келеді. 1849 жылғы өрт Петропавл қалалық басшылығының түпнұсқалық құжаттарын түгелімен жойып жібергендіктен, нақты күнді анықтау мүмкін емес. Бірақ қаланың құрылу уақытымен тығыз байланысты басқа көптеген атаулы күндер бар», - делінген хабарламада.
Шаһар әкімінің байламынша, Қала күнін атап өтудің заманауи ыңғайлы датасын айқындау сапалы мерекелік бағдарламаны әзірлеуге, нақты қаржы көздері мен адам күшін тартуға жол ашады.
Енді мәселенің түйіні қалалық мәслихаттың кезекті сессиянда қарастырылып, онда тұрғындармен келісілген соңғы тоқтам шығарылады.