Петропавл әуежайы өңірдің негізгі мультимодальды логистикалық хабына айналмақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Петропавл қаласының әуежайын өңірлік мультимодальды логистикалық хабқа айналдыру жобасы талқыланды.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл мәселе «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеевпен өткен ресми кездесу барысында сөз болды.
Жобаны іске асыруға өңірдің географиялық орналасуы қолайлы. Солтүстік Қазақстан облысы Ресеймен шекаралас орналасқан, сондай-ақ Қазақстанды Ресейдің ірі өнеркәсіптік аймақтары — Сібір мен Оралмен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық бағыттардың тоғысында тұр. Бұл Петропавлды өңіраралық және халықаралық жүк тасымалын дамытуда маңызды торапқа айналдыруға негіз.

Қазір Петропавл әуежайы жүк әуе рейстерін қабылдауға, жүктерді қайта тиеуге және логистикалық қызметтердің кең ауқымын көрсетуге қауқарлы. Сонымен қатар, терминалдық және сервистік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту арқылы әуежайдың әлеуетін толық ашу көзделіп отыр.
Мультимодальды логистикалық хабтың құрылуы өңіраралық және халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, облыстың елдегі негізгі логистикалық орталықтардың бірі ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ. Бұл жоба жаңа инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының өсуіне оң әсер етеді.
Кездесу барысында Қазпошта басшылығы компанияның өңірмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта жобаны одан әрі дамыту үшін әлеуетті инвесторларды тарту мәселесі пысықталып жатыр.
Бұған дейін Астана әуежайының басқарма төрағасы тағайындалғанын жазған едік.