Петропавл маңындағы саяжай учаскелерін су басты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдаға Заречный кенті мен «Речпорт» маңындағы саяжайларға су кірді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі су тасқынына қатысты жағдайды хабарлады.
Оның айтуынша, биыл алғаш рет су тасқынының үшінші толқыны өтіп жатыр. Петропавлда тасқынның шарықтау шегі 28–30 сәуірде болады деп болжанған.

- Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты су жылдағыдай алқаптарға жайылды. Қазір су Заречный кенті мен Речпорт маңындағы саяжай учаскелерін басты. Бұл саяжайларда тұрғындар жоқ, Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция бекеттері қойылды.
Ойқала мен Былғары кентіндегі, Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарында жағдай ерекше бақылауға алынды.
Су тасқыны толық аяқталғанға дейін жағдайды тұрақты бақылауда ұстаймыз. Басты басымдық — азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтау. Барлық қызметтер жоғары дайындықта болып, жедел әрекет ету керек, - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Есіл өзенінің жайылма алқабында орналасқан Заречный кентінде 6 көпқабатты және 90 жеке үй, №13 орта мектеп пен түзеу мекемесі бар. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүлкін қорғау мақсатында Заречный кентінің тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта 90 және 72 пәтерлі екі көпқабатты үй тұрғызылып жатыр. Сонымен қатар, жаңа түзеу мекемесі мен Копай шағын ауданында 600 орындық мектеп салынады.
Бұған дейін Петропавлға мол судың келе жатқанын жазған едік.

