Петропавл мен Алматы арасында қатынайтын пойыздан өрт шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызынан өрт шығып, жол бойында тоқтауға тура келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Петропавл мен Алматы арасында қатынайтын пойыздан өрт шықты

«2023 жылғы 3 ақпан сағат 21:57-де Қарағанды облысының «Аршалы – Анар» теміржол учаскесінде құрамның соңындағы техникалық вагоннан өрт шықты. Салдарынан №105/106 «Петропавл – Алматы» пойызының қозғалысы тоқтатылды. Пойызда 235 жолаушы болған», – делінген ресми ақпаратта.

Хабарламада айтылғандай, өрт сөндірілді және құрбан болғандар немесе зардап шеккендер жоқ.

«Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін Астанадан жеті купелі және бір плацкарт вагоннан тұратын пойыз жіберілді», - дейді ведомстводан.

ҚТЖ жанынан құрылған арнайы комиссиясы оқиғаның жай-жапсарын анықтауға кірісті.

«Жолаушыларға жүк және теміржолмен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына сәйкес, белгіленген тәртіппен жол жүру құнының айырмасы төленеді», - дейді ұлттық компанияның баспасөз қызметінен.