Петропавл полицейлері қыз баланы көлікпен қағып өлтіріп, оқиға орнынан із суытқан Көкшетау тұрғынын ұстады
ПЕТРОПАВЛ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Петропавл полицейлері өзінің көлігімен 10 жасар қыз баланы қағып өлтіріп, жол-көлік оқиғасы орнынан ізін жасырған Көкшетау тұрғынын ұстады,
деп хабарлайды СҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Сағат кешкі 23:00 шамасында Петропавл қаласындағы Бейбітшілік көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолда «Тойота» көлігінің жүргізушісі қыз баланы көлікпен қағып, апат орнынан үлкен жылдамдықпен кетіп қалған. Бала оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға куәгерлерінің бірі - петропавлдық Қанат Чекенов өзінің көлігімен «Тойота» жүргізушісінің артынан жүріп отырып, апат туралы телефонмен СҚО жол полициясының кезекшілік бөліміне хабарлады, ізін жасырмақшы болған көліктің мемлекеттік нөмірлерін айтты. Бірнеше минуттан кейін жол полицейлері «Тойота» жүргізушісін Пестрое көлінің қасында ұстады.
Сұрау барысында Көкшетаудың 22 жасар тұрғыны жаяу жүргіншілер белгісін көрмегенін, ал одан өткен қыз бала мен оның туыстарын байқамағанын айтты. Ал оқиға орнынан неге кетіп қалғанын түсіндіре алмады.
Қазіргі кезде жас жігіт Петропавл ІІБ-ғы уақытша ұстау абақтысына қамалды. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық істі қозғау үшін барлық қажетті сараптамалар жүргізілуде.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің жол полициясы басқармасында жол апатының кінәлісін ұстауда полицейлерге көмек көрсетіп, азаматтық позициясын танытқан Қанат Чекеновты марапаттау мәселесі қарастырылуда.