Петропавл тұрғыны сот арқылы тұрғын үй бағдарламасына қатысуға қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Петропавл қаласының тұрғыны, кәмелетке толмаған үш баланы тәрбиелеуші жалғызбасты ана 2007 жылдан бері «мемлекеттік қызметкер» санаты бойынша баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған.

Жоғарғы сот мәліметінше, ата-анасы қайтыс болғаннан кейін оған Ольшанка ауылындағы ауданы 20,2 шаршы метр (оның ішінде 10,5 шаршы метр тұрғын үй алаңы) тұрғын үйдің ¼ бөлігі мұраға қалған.
2023 жылы талап қоюшы сыйға тарту шарты бойынша үйдегі өз үлесін көршісіне өткізген.
Бір жылдан кейін жергілікті атқарушы органдардың кезекте тұрған адамдарды несиелендіру бағдарламасы бойынша оған Петропавл қаласынан пәтер бөлінген.
Алайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұрын иеліктен шығарылған тұрғын үй тұруға жарамды дегенді алға тартып, әйелмен сатып алу-сату шартын жасасудан бас тартқан («Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 72-бабы 2-тармағы).
Сотқа арыз берген кезде әйел тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен онымен сатып алу-сату шартын жасауды міндеттеуді талап еткен.
Сот іс материалдарын зерделей келе, 10,5 шаршы метр аумақты құрайтын мұрагерлік тұрғын үйдің санитарлық-техникалық талаптарға сай келмейтінін анықтады.
Үлестің жалпы ауданы 20,2 шаршы метр болса, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 75-бабының 1-тармағына сәйкес тұрғын үй алаңының белгіленген нормасы бір адамға кемінде 15 шаршы метр.
Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі отбасында әртүрлі жыныстағы балалардың болуын есепке алмаған. Бұл олардың жеке тұруы үшін қолданыстағы нормаларға сәйкес жағдай жасауды талап етеді.
Сот талап қоюшының талаптарын қанағаттандырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін тұрғын үй бағдарламасына қатысушымен сатып алу-сату шартын жасасуды міндеттеді.
Шешім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Қызылордада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 бала үй кезегіне қойылмағаны туралы жазған едік.