Петропавл тұрғындары жағымсыз иіске шағымданып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлды биотоғаннан таралып жатқан жағымсыз иіс жайлады. Мамандардың айтуынша, бұл – уақытша жағдай. Осыдан екі жыл бұрын тоғанды тазарту бойынша қолға алынған жоба нәтижесін біртіндеп беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғындары жағымсыз иіске шағымданып жатыр

Бірер күннен бері Петропавл тұрғындары пәтерлерінің терезесін аша алмай отыр. Қолқаны қабатын күлімсі иіс биыл да көктем келісімен пайда болды. Мамандардың айтуынша, бұл – уақытша құбылыс. Жылдағыдай 1,5 айға созылмайды.

«Тоғанның бетіндегі мұз ерісімен қыс бойы жиналған иіс жоғары көтеріледі. Тазарту құрылыстары бар ма, жоқ па, бұл қолайсыздықтан біз құтыла алмаймыз. Құбыр арқылы тоғанға тәулігіне орта есеппен 40 мың текше метр құйылады. Қыс мерзімінде оның мөлшері 7,5 млн тоннаға жетеді. Бұл қаланың барлық кәрізінен, автожуу, монша, сауна және басқаларынан келетін ағындылар. Қыс бойы ол мұз астында жиналып, өңделмейді. Өйткені, тұнбадағы ешқандай микроағза +10 градустан төмен болғанда, соның ішінде біздің хлорелламыз да жұмыс істемейді», - дейді «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры Александр Рейбанд.

Маманның айтуынша, Петропавлдағы жинақтайтын тоған 1953 жылы жобаланып, салынған. Содан бері 70 жыл өтсе де мүлде тазаланбаған. Түбіндегі жиналған лайдың биіктігі 4,5 метрге жеткен. Ал, 1-2 жылдың көлемінде оны тазартып шығу мүмкін емес.

«Бұрын бұл жаман иіс осыдан 3-4 жыл бұрын 1,5 айға дейін сақталатын және ауадағы күкіртсутектің нормадан бірнеше рет асқанын байқайтынбыз. Қазір де ауытқу бар, бірақ бұрынғыдан анағұрлым төмен. Хлорелла балдыры нәтижесін береді. Бірақ, оған уақыт керек. Қазіргі біздің міндетіміз – осы шөгіндінің жоғары қабатын өзгерту, сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жобаны қолға алған кезде нәтижесін көру үшін 5 жыл керек дегенбіз. Алдағы жарты жыл қарқынды жұмыс істеуіміз керек. Осы аралықта тоғанға әлі де хлорелла балдырын саламыз. 2021 жылдан бастап 95 тонна құйдық», - дейді Александр Рейбанд.

Естеріңізге салайық, Петропавлда көктем келіп, күн жылынысымен ауаға тараған күкіртсутектен құтылу үшін «Қызылжар-Су» ЖШС «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС-мен келісімге отырып, биотоғанға хлорелла микробалдырларын салды. Альголизация нәтижесінде су қоймасы тазартылмақ.