Петропавл тұрғыны дүкеншінің мас күйін пайдаланып, кассадан ақша ұрламақ болды

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - «Петропавл қаласының Қопа ауданында орналасқан «Удача» дүкенінде ұрлық жасалды. Кассадан 200 мың теңге қолды болды.
None
None

Ұрлықты кім жасағанын сатушы есіне түсіре алмады, өйткені сатушы әйел ол сәтте мас болған»,-деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ұрлықты таңертең келген дүкен иесі анықтады. Ал сатушы бұл оқиға жайлы еш нәрсе түсіндіре алмады. Оқиға орнына Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасы 2-ші полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шақыртылды. Ұрлықтың қалай жасалғандығы сауда орнында орналасқан бейне бақылау құрылғысы арқылы белгілі болды. Жедел уәкілдер бейнетүсірілім арқылы дүкенге бір жігіттің кіріп, кассадан ақша алғанын көрді. Полиция қызметкерлері бұл жігітті бірден таныды. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін бернеше рет сотталған Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. 34 жасар ұры бірнеше сағаттан кейін қолға түсті. Алғашында ол, ұрлық жасағандығын мойындамауға тырысып бақты. Бірақ бейнекөріністі өз көзімен көрген соң ұры өз кінәсін мойындауға мәжбүр болды. Ұсталған азаматтың айтуынша, сол күні дүкенге кірген ол сатушының мас екенін байқаған. Кейін дүкенге қайта оралып, сатушымен бірлесіп арақ ішкен. Ал сатушы әйел ұйықтап қалғанда, кассадағы ақшаны олжалаған. Сезіктіден 5 мың теңге ғана тәркіленді, қалған ақшаны ол түнде дәмханаларда көңіл көтеру үшін жұмсап жіберген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жуырда ғана басқа ұрлық үшін жауапқа тартылып, сотта жәбірленушімен татуласқан сезіктінің үстінен тағы да қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар