Петропавл ЖЭО-2-де зиянды шығарындылар 3,5 есеге азайды
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Қазақстандағы көмір электр станцияларындағы зиянды шығарындыларды азайту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ деректеріне сәйкес, Петропавл ЖЭО-2-де ластаушы заттар шығарындыларының деңгейі белгіленген нормативтерден бірнеше есе төмен. Мәселен, №1 мұржа бойынша күкірт диоксидінің нормативі 4194 мг/нм³ болса, 2025 жылғы нақты көрсеткіш 1186 мг/нм³ болған.
Министрлік мәліметінше, бұл көрсеткіштер эмиссия көздеріне орнатылған автоматтандырылған мониторинг жүйелері арқылы тіркелген. Аталған жүйелер түтін мұржалары мен су төгінділері нүктелеріндегі ластаушы заттардың көлемін үздіксіз бақылап, деректерді нақты уақыт режимінде тіркеп отырады.
Жүйе азот оксидтері мен диоксидінің, көміртек оксидінің, күкірт диоксидінің және шаң көлемін бақылайды.
– Бұл үдерісте адам факторы толықтай алынып тасталған, – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Сонымен қатар ведомство көмір генерациясын дамытуға арналған жаңа ұлттық жобаны іске асырып жатқанын мәлімдеді.
Жоба аясында «таза көмір» технологияларын енгізу, заманауи газтазарту жабдықтарын орнату және зиянды шығарындыларды азайту көзделген.
Министрлік мәліметінше, ұлттық жоба нәтижесінде көмір электр станцияларындағы ластаушы заттар шығарындыларын 34%-ға қысқарту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Петропавл ЖЭО-2 Солтүстік Қазақстан өңіріндегі негізгі энергия көздерінің бірі саналады.
Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға қысқартуды көздейді.