Петропавлда 13 жасар қызды зорлаған ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда жасөспірім қызға қатысты сексуалдық зорлық жасаған 37 жастағы ер адам мен оның 32 жастағы заңды некеге тұрмаған әйелі сотталды.

сот, судья, сот үкімі
Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

Сот материалдарына сәйкес, ерлі-зайыпты Петропавлдағы Жұмысшы кентінде тұрған. Ер адам — кондитер, әйелі санитар болып еңбек еткен. Олардың екі баласы бар.

Оқиға болған күні ер адамның үйіне туысы өзінің 13 жастағы таныс қызымен бірге қонаққа келген. Кейін кәмелетке толмаған қыз сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.
Бұл туралы оқушы қыздың ата-анасы білгеннен кейін полицияға жүгінген. Іс бойынша сот отырысы жабық режимде өтті.

Сот ер адамды кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Ал оның әйелін сот қылмысқа жәрдемдескені үшін кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың талабын қанағаттандырып, сотталғандардан қызға келтірілген моральдық зиян үшін 6 млн теңге төлеуге міндеттеді. Бұдан бөлек, сот сараптамасын жүргізуге жұмсалған 3,6 млн теңге шығынды да сотталғандар өтейді.

Сот сотталғандардың балаларына қатысты да жеке қаулы шығарып, олардың екеуін де қорғаншылық және қамқоршылық органдарына беруді тапсырды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астанада сатып алушыларды алдаған автосалон директоры сотталғанын жазған едік.