Петропавлда 400-ге жуық жас балуан қатысқан ел чемпионаты өтіп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда өтіп жатқан қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты 23 жасқа дейінгі спортшыларды жинаған.
Жарысқа еліміздің 17 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан шамамен 400 спортшы қатысып жатыр.
Чемпионатта 17 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Ерлер арасында спортшылар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде, сондай-ақ «Түйе балуан» абсолюттік санатында бақ сынайды. Әйелдер арасында жарыстар 48, 52, 56, 60, 65, 70, 75 және одан жоғары салмақ дәрежелері бойынша өтіп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, чемпионаттың негізгі мақсаты — ұлттық спортымыз қазақ күресін дамыту және насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін арттыру, халықаралық аренаға шығаратын еліміздің ең мықты балуандарын анықтау.
Жарыстың бірінші күні-ақ кей салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталды. Мәселен қыздар арасында 65 кел3 салмақта шымкенттік Сабина Әлібек бірінші орын алды. 70 кел3 салмақ дәрежесінде Маңғыстау облысының балуаны Ұлдана Ходжаназарова жеңіс тұғырынан көрінді. 77 кел3 салмақта Алматы облысының тумасы Шұғыла Мақсатқызына жетер жан болмады. Ал 77 кел3 жоғары салмақта Батыс Қазақстан облысының балуаны Айсұлу Сәрсенова жеңіске жетті.
Ерлер арасында бірінші күні 90 келі салмақтағы балуандар боз кілемге шықты. Нәтижесінде шымкенттік Ақылжан Тұрсынбек чемпион атанды. Ақтөбе облысының балуаны Әмірбек Рахимов 100 келі салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермеді. Ал Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Әділет Мырзаш +100 келі салмақ дәріжесінде жеңіс тұғырынан көрінді.
Бұған дейін Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық спартакиаданың өткенін жазған едік.