Петропавлда 80-нен астам көпқабатты үй жылыту маусымына әлі дайын емес

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда барлығы 1 198 көппәтерлі тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылған болса, соның 1112-сі ғана техникалық тұрғыдан жылу қабылдауға әзір. 

Елордада 6 370 шақырым жылу құбырлары жаңғыртылды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform



Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Пәтер иелерінің кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің төрағалары қызмет көрсетуші ұйымдармен бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлерді қысқы маусымға дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

- Біз жеті көп қабатты үйге қызмет көрсетеміз. Қазір жылыту маусымына дайындалып, үйлердің жылу жүйелерін жуып, қысыммен тексеріп жатырмыз. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ ғимараттардың шатырын тексереміз. Ертең көктемде су ағып, тұрғындардың мазасын алмауы үшін. Кәріз жүйесін де апаттық жағдайлар болмауы үшін тексеріп жатырмыз, - дейді көп қабатты үйлерге қызмет көрсететін компанияның өкілі Тимур Жетпісов. 

Әзірге Петропавлға жылудың нақты қай күні берілетіні белгісіз. Қала әкімі тиісті қаулыға қол қойған жоқ. 

- Жылыту жүйесі тәулік ішіндегі орташа ауа температурасы үш күн қатарынан +10°C-тан төмен болған жағдайда іске қосылады.

Жылыту маусымын қыркүйек айының соңында немесе қазан айының басында бастау жоспарланып отыр. Алайда нақты мерзім ауа райының қалыптасуына байланысты анықталады, - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.

«Қазгидромет» кәсіпорнының мәліметінше, өңірде алдағы үш күн бойы жауын-шашын сақталғанымен, күндіз сынап бағанасы +21 градусқа дейін көтерілмек. 

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралғанын жазған едік