Петропавлда әкімдік әрқайсысы 170 млн теңге болатын екі коттедж сатып алды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда қалалық әкімдік шаршы метрін 750 мың теңгеден алған екі баспананы бұзып, болашақта орнына балабақша салмақ.
Тендер арқылы алынған коттедждердің әрқайсысының ауданы 227 шаршы метр шамасында. Сондай-ақ шартта үйдің ауданынан бөлек, 1998 жылға дейін салынғандығы және қаланың шеткері аудандарынан болмауы көрсетілді.
Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі осыған қатысты жауап берді.
— Әр үйдің тәуелсіз бағалаушылар 170 млн теңгеге бағалады. Бұл үйлер қала құрылысы жоспарына сәйкес, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін алынып отыр. Қазір Петропавлда 49 балабақша жұмыс істейді. Ал осы сатып алынған ғимараттардың орнына болашақта жаңа балабақша салу жоспарланған. Ең бастысы — жаңа балабақша тұрғын үйлерге жақын орналасады, — деді әкімдік өкілдері.
Алайда тұрғындар болашақта бұзылатын екі үйге 340 млн теңге жұмсау бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану деп есептейді. Олардың айтуынша, шаршы метрі 750 мың теңге деген баға, тіпті Астанада жоқ.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 112,4 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жоспарланғанын жазған едік. Жоғары аудиторлық палата өңірге бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындысын жариялады.