Петропавлда алғаш рет әкімшілік құқық бұзған тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты отбасының берекесін алған ер адамға қоғамдық жұмысқа тарту жазасын қолданды. 

қоғамдық жұмыс
Фото: pixabay.com

Сот К.-ны отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы әрекет жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 20 сағаттық қоғамдық жұмыс түрінде әкімшілік жаза тағайындалды. 

Сонымен қатар, полиция органдарының өтініші бойынша құқық бұзушыға қосымша шара қолданылып, 6 ай мерзімге алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салатын ерекше талаптар белгіленді.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, қоғамдық жұмыстарға тарту әкімшілік жазалау шарасы ретінде өңірде алғаш қолданылып отыр. 

Биыл 1 қыркүйектен бастап күшіне енген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, енді қоғамдық жұмыс әкімшілік жаза түрлерінің бірі ретінде қарастырылады. 

Қаулы заңды күшіне бірден енді және орындалуы үшін Петропавл қаласы әкімдігіне жолданды.

— Қоғамдық жұмыстарды енгізу адамдардың құқықтық санасын арттыруға және қайталама құқық бұзудың алдын алуға ықпал етеді, — дейді мамандар.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекске сотталған зейнеткерлерге түрмедегі уақытында зейнетақы төлемін тоқтата тұруға негіз болатын норма енгізуді жоспарлағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар