Петропавлда алғашқы су тартқыш ғимараты салынғанына 120 жыл толды

Петропавл
Фото: pkzsk.info

Петрапавлда бірінші су тартқыш ғимараты әлі де жұмыс істеп тұр. Бірақ ол жерде қазір су тартатын орын емес, қаланы көркейтуге жауап беретін «Коммунхоз» ЖШС жұмыс істейді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Өңірде сумен жабдықтау мәселесі бұрыннан бар. Өткен ғасырдың басында Петропавл тұрғындары тұтынатын және өрт сөндіруге арналған суды бөшкеге құйып әкелетін. Су тарту ұйымдастырылмаған еді.

Ал қала өсіп жатты, зауыт пен фабрика қызметі, сауда-саттық дамыды.

Петропавлдың 1887 жылға арналған медицина-статистикалық очергінде мынадай ақпарат бар: «Қала маңында көл мен ескі арналар бар. Ол жерде ақпайтын су жиналып қалған, яғни ол адамдар мен жануарлардың пайдалануына жарамсыз ғана емес, сонымен қатар зиян. Петропавлда қалалық аурухана алдындағы құдықтан басқа су жоқ...».

Тарихшы Александр Семенов «200 жыл ішіндегі Петропавл» кітабында былай деп жазған: «Пошта, телеграф пен телефон көпестерге қажет еді, қала оны жақсартуға күш жұмсайтын. Ал сумен жабдықтаудың көпестерге әкелер пайдасы болмады. Сол себепті оны орнатуға асықпады. Қала ішінен Есілден станцияға дейін теміржол тартқанда теміржол су құбыры орнатылды. Бірақ қала оны пайдаланбады».

Дамып жатқан Петропавлда сумен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналған кезде ғана қалалық дума 40 мың рубль бөлді. Жобаға сол кездері Омск телефонына және қазіргі Семей маңындағы әк зауытына иелік ететін инженер Кравцов қызықтыра алды.

Су құбыры құрылысы 1901 жылы басталды. Қалалық су құбырының негізгі магистральдарын орнатты, оң жағалауда, бекініске жақын маңдағы төбеге (қазір Ущева, 2 көшесі) су тартқыш және қаланың орталығына (қазіргі Амангелді және Брусиловский көшелерінің қиылысы) су айдауыш мұнара салды. 1903 жылдың қаңтарында су тартқыш пен ұзындығы шамамен 5 шақырым болатын су құбыры желілері іске қосылды.

Су тартқыш Ланкашир жүйесінің екі қазанымен, бес сору құрылғысы, сүзгі және тұндырғыш бакпен жабдықталған. Мұнда су тұрып және хлорланып қалатын.

А.Семенов кітабында кейінірек су құбыры желісін кеңейткені туралы ақпарат бар. 1911 жылы оның ұзындығы 18 шақырым болатын, қалада 8 су құбыры күркесі мен 28 өрт сөндіретін кран бар еді. Бір тәулікте 40 мың шелек су шығындалатын. 1916 жылға дейін су тартқыш 10 атмосфералық күшпен сағатына 5 мың шелек су беріп, 8-10 сағат жұмыс істейтін. Ол жерде 25 адам еңбек етті. Су құбырына қала ай сайын 500 рубль ақша жұмсап тұрды. Ол тек 1924 жылы ғана өз шығынын ақтап, тек бірнеше айдан кейін ғана шығынсыз жұмыс істей бастады.

Деректер бойынша, 1923 жылдың жазында су құбырының санитария-гигиеналық жағдайы өте нашар болды. Зертхана болған жоқ. Су сапасын қаланың санитария қызметі айына екі рет тексеріп тұратын. 1915-1923 жылдары қалалық су құбыры қайта құрылып, Ұлы Отан соғысына дейін жұмыс істеп тұрды.

1943-1944 жылдары шұғыл түрде өзен жағасында қуаты сағатына 150 текше метрлік уақытша электр су сорғыш орнатылды. Сөйтіп сорғы-булау шаруашылығы толығымен электр энергиясына ауысты.

1948 жылы Қазақ ССР Су құбырларын пайдалану ережелерін бекітті. 50-жылдардың соңында қалада қарапайым тазарту құрылымдары салынды, 1965 жылы бөгет қойылып, биотоғаннан су құбырын жасау басталды, 1966 жылы канализациялық тазарту құралдарын соға бастады, 1979 жылы оларды іске қосты, 1982 жылы тәулігіне 150 мың текше метр өндіретін сорғы станциясы пайдалануға берілді.

Қаладағы бірінші су құбыры ғимараты әлі де Ущева, 2 мекенжайында тұр. Өткен ғасырдың соңына дейін ол жерде қалалық су құбыры және канализация басқармасы орналасты.
Қазір екі ғимарат та – су құбыры және су айдауыш мұнара да – Петропавлдың тарих және сәулет ескерткіштері.

Соңғы жаңалықтар