Петропавлда аса ірі мөлшерде бюджет ақшасын жегендер сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда мемлекет қаржысын жымқырған төртеу 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ 805 млн теңге келтірілген залалды өтейді.

Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық соты аса ірі мөлшерде мүлікті ұрлау, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу деректері бойынша қылмыстық істі қарап, төрт адамға үкім шығарды.
Сот отырысында анықталғандай, «Петропавл қаласы әкімдігінің сарқынды суларды тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары» МКК директорының міндетін атқарушы Б. 2019–2021 жылдар аралығында кәсіпорын атынан коммерциялық ұйым құрып, сенімді тұлға арқылы заңсыз кәсіпкерлік қызмет жүргізген. Ол өзге сыбайластарымен бірлесіп, осылайша мемлекет қаржысын талан-таражға салған.
2020–2022 жылдар аралығында Б. кәсіпорын қызметкерлері және бір мезгілде мердігер ұйымдардың басшылары Ш., Я. және М.-мен қылмыстық сөз байласуға барып, жалған шарттар жасасу арқылы бюджет қаражатын жымқырған. Бұл әрекеттер салдарынан мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық зиян келді.
Сот деректеріне сәйкес, ұрланған қаражатты Б. қолма-қол ақшаға айналдырып, оны жеке мақсатқа - тұрғын үй салу мен жеке мүлік сатып алуға жұмсаған.
Прокурор басты сотталушы Б.-ны 8 жылға, ал Ш., Я. және М.-ның әрқайсысын 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәсін мойындамады.
Сот үкімімен Б. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ш., Я. және М. – әрқайсысы 7 жыл 6 ай мерзімге сотталды. Барлығы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленіп, мемлекет кірісіне аударылды. Бұдан бөлек сотталғандар мемлекетке 805 млн теңгеден астам залалды өтеуге міндеттелді.
Бұған дейін Петропавлда жолға жатып алған әйелді қағып өлтірген жүргізуші сотталғанын жазған едік.