Петропавлда балалар лагері санаторлы-курорттық кешенге айналмақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда балалар лагерін санаторлы-курорттық кешенге айналдыруға 2,5 млрд теңге жұмсалады.
Бұл жобаны жергілікті кәсіпкер қолға алды. Үш жылдың ішінде қазіргі «Волна» балалар лагері 500 адамдық кешенге айналмақ.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов нысанды барып көрді.
- Жергілікті кәсіпкер бұрынғы «Волна» балалар лагерін қайта жаңғыртып, оны жыл бойы жұмыс істейтін кешенге айналдырып жатыр. Петропавл маңында орналасқандықтан тұрғындар мен туристерге ыңғайлы болады. Жаңа нысанда 150 нөмір болады, демалушыларға сауықтыру процедуралары ұсынылмақ. Кешеннің ашылуы демалыстың сапасын жақсартып қана қоймай, 150 тұрақты жұмыс орнын құрады. Бұл жоба өңірде медициналық туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді, - деді өңір басшысы.
Облыс әкімі басқа да туристік нысандардың құрылысын көріп, жұмыс барысымен танысты. Мәселен Петропавлда жаңа «Самовар» қонақ үйі ашылмақ. Бұл жобаға 1 млрд. теңге инвестиция салынған. «Даму» қорынан мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қонақ үйде 34 нөмір болады, 15 жаңа жұмыс орны құрылады. Петропавлда қазір 26 қонақ үй бар, олар 800 демалушыны қабылдай алады.
Бұдан бөлек, Имантау-Шалқар курорттық аймағында инвесторлар 16 жобаны жүзеге асырып, экоотельдер мен глэмпингтер салып жатыр. Мұндай жобалар туристік инфрақұрылымды және қызметтердің сапасын жақсартуға, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, жаңа инвесторларды тартуға және өңірімізді қосымша табыс көздерімен қамтуға ықпал етеді.
Бұған дейін СҚО-да қыста қайда демалуға болатындығын жазған едік.