Петропавлда «Бір ел - бір кітап» республикалық шарасының қорытындысы шығарылды
ПЕТРОПАВЛ. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Петропавлда қазақтың танымал ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.
Осы жиында «Бір ел - бір кітап» республикасының акциясының қорытындысы шығарылды. Бұл шараның биыл Мағжанның туындыларына арналғаны белгілі, сондықтан да бұл акцияның қорытындысы ақынның туған жерінде - Солтүстік Қазақстанда шығарылуының өз мәні бар.
Бейсенбі күні таңертең конференция қонақтары - қоғам қайраткерлері, мәдениет қайраткерлері, Қазақстанның барлық аймақтарынан келген кітапхана қызметкерлері Мағжан Жұмабаев атындағы көшеге орнатылған ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін облыс әкімі Серік Біләловтың делегация мүшелерімен кездесуі өтті, онда әкім осынау мәдени шараға қатысушылардың барлығына еліміздің мәдени мұраларын, Мағжанның өмірі мен шығармашылығын белсенді насихаттап жүргендері үшін алғыс білдірді.
С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада конференцияның пленарлық отырысы және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімінің атынан сөз сөйлеген оның орынбасары Тілеген Қаскин жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. «Бір ел - бір кітап» акциясының қорытындысы бойынша І дәрежелі диплом мен ақшалай сыйлыққа Солтүстік Қазақстан облысының М.Жұмабаев атындағы аудандық кітапханасы лайық деп танылды.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов, ақынның бауыры Тасболат Бекенов, ҚР Кітапханалар қауымдастығының президенті Роза Бердіғалиева, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Рахымжан Отарбаев, кинорежиссер, аудармашы, «Темірлан» сыйлығының және «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Бақытжан Қанапиянов және тағы басқалар Мағжанның дарындылығы, қайғылы да, бірақ асқақ өмірі, шығармашылығының қазақ әдебиеті мен мәдениетінде алатын орны туралы сөз сөйледі.
Кездесуде сондай-ақ «Мағжан» деректі фильмінің таныстырылымы өтті.