Петропавлда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында көрме өтіп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 24 тауар өндіруші «Бір ауыл - бір өнім» жобасына қатысып, өз өнімдерін сайысқа ұсынды.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Бір ауыл - бір өнім» байқауы «Мен кәсіпкер» жобасы аясында қолға алынған. Ол жергілікті шикізатты қолдану арқылы шығарылатын өнімді көпшілікке таныстыруға бағытталған және кем дегенде бәсекеге қабілетті бір өнімнің өндірісін дамытуды мақсат еткен. Бұл идея Жапониядан алынған.
Көрме-жәрмеңке Петропавлдағы сауда орындарының бірінде өтіп жатыр.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалиннің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты бірегей өңірлік өнімді табу және жергілікті бренд құру.
«Бір ауыл - бір өнім» жобасының мақсаты – өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіруде кәсіпкерлерді қолдау, халықты бірегей өңірлік өнім жасауға тарту. Былтыр осы жобаға облыстың 16 өндірушісі қатысса, бүгінгі жәрмеңкеде 24 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Мұның ішінде Петропавл тұрғындарымен қоса, ауылдықтар да бар. Олар сүт, ет, бал, нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, ұлттық үлгідегі киім және тоқыма бұйымдары, ағаштан жасалған бұйымдар, кәдесый өнімдері және т.б. өндіреді», - деді Есжан Оразалин.
Бүгінгі көрменің қорытындысы бойынша жобаның екінші кезеңіне өтетін он қатысушы іріктеледі. Бұдан әрі олардың арасында бренд-комитеттің шешімімен өңірлік турдың үш жеңімпазы таңдалады, олар өз өнімдерін «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесінде ұсынуға мүмкіндік алады.
Бұған дейін СҚО-да биыл 660 адам рульде мас күйде ұсталғанын жазған едік.