Петропавлда ер адамның үстіне бензин төгіліп, тірідей жанып кете жаздады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына 30 жастағы ер адам шұғыл түрде ауыр күйікпен жеткізілді.

Жедел жәрдем
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Жұбайының айтуынша, жігіт канистрден от үрлегіш лампаға бензин құйған. Сол сәтте қолында тұтатылған темекісі болған. Салдарынан ыдыс жарылып, жігіттің киімі лап еткен. 

— Сырқат өте ауыр жағдайда бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның терісінің 90% күйген, соның ішінде басын, денесін, қол-аяғын, тыныс алу жолдарын күйік шалған. ІІ-ІІІ деңгейлі күйіктік шок алып отыр. Қазіргі уақытта ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер бар қажетті емді қолданып жатыр, — дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

СҚО Полиция департаменті ер адамның абайсызда күйік алғанын растады.

— 17 мамырда Петропавлда термиялық күйік шалған 30 жастағы ер адамды ауруханаға жатқызу фактісі бойынша алғашқы тексеру жүргізді. Қала тұрғынының бензинді ыдыстан ыдысқа құю кезінде қауіпсіздік шарасын сақтамағаны, салдарынан абайсызда күйік алғаны анықталды. Қылмыс белгілері жоқ, — деді ведомствоның баспасөз қызметінде.

Бұған дейін СҚО-дағы колониялардың бірінде жазасын өтеушілер өзін жарақаттағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар