Петропавлда есірткі таратумен айналысқан 25 жастағы қыз ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда 25 жастағы қыз есірткі курьері болып, оны таратумен айналысқан. Күдіктіні есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері көпқабатты үйдің ауласында такси көлігінде келе жатқан жерінде ұстады.
Автокөлікте кристалл тәрізді зат салынған 40 түйіншек болған, тәртіп сақшылары тәркілеген зат «тұз» деп аталатын синтетикалық препарат болып шықты. Жалпы салмағы 20 грамды құрады. Бұл – аса ірі мөлшерге жатады.
Тағы 0,5 грамм «тұз» салынған бір түйіншек бойжеткеннің тұрғылықты мекенжайынан тәркіленді.
«Тергеу барысында қыздың есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендердің бірімен байланысы анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі - «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа жіберілді.
Аталған баптың санкциясымен 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.