Петропавлда Есіл өзенінің тасуына байланысты ескерту жарияланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп, қауіпті межеге жақындап қалды.

Петропавлда Есіл өзенінің тасуына байланысты ескерту жарияланды
Фото: СҚО ТЖД

Петропавлда су тасқынының екінші толқыны өтіп жатыр.

«Қазгидромет» кәсіпорны Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, өткен бір тәулікте Есіл өзенінің су деңгейі 8 см-ге көтеріліп, сағат 08:00-дегі жағдай бойынша 993 см-ге жетті. Яғни, қауіпті деңгей – 1 мың см-ге жақындап қалған. Қазіргі уақытта Петропавл гидроторабы маңындағы Заречный кентіне баратын айналма автожолды су басты.

Синоптиктер мен гидрологтардың болжамынша, алдағы уақытта су деңгейі әлі де көтерілуі мүмкін және қауіпті межеден асу қаупі бар. Егер су деңгейі қауіпті шектен асатын болса, өзеннің төменгі ағысындағы автожолдарды су басу қаупі күшейеді. Осыған байланысты тұрғындар мен жүргізушілерге сақтық шараларын қатаң сақтау ұсынылады.

Бұған дейін СҚО-ға су тасқынымен күреске көмекке келген алматылық әскерилер үйлеріне қайтқанын жазған едік.