Петропавлда келесі аптада жылыту маусымы аяқталады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда 22 сәуірден бастап жылыту маусымы аяқталмақ. Қалалық әкімдік тиісті қаулыны шығарды.

жылыту
Фото: Pixabay

«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жылыту маусымын аяқтау үшін тәуліктік орташа температура 3-5 күн бойы +10 градустан жоғары тұруы керек. 

Тұрғын үйлер жылудан кезекпен, 10 күн бойы ажыратылады. 

«Бұл жүйенің тепе-теңдігін сақтау мақсатында жүзеге асырылады. Тұрғын үйлердің ПИК төрағалары ысырмаларды жауып, үйде ыстық су болған кезде жүйені жазғы жұмыс режиміне ауыстыруы керек, содан кейін пәтерлердегі жылыту радиаторлары 2-3 сағат ішінде салқындайды. 
Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін "Петропавл Жылу Желілері" ЖШС жылу тасымалдағыштың ең жоғары температурасына сынақ жүргізуді бастайды. Бірінші кезең маусым айына жоспарланған» делінген хабарламада.

Петропавл мектептерінде орналасқан эвакуациялық пункттерді жылумен қамтамасыз ету жалғасады.

Мекемелердің өздері температуралық режимді реттеп отырады. 

Бұған дейін Петропавлда краннан аққан судың сапасы жақсарғанын айтқан едік.  

Соңғы жаңалықтар