Петропавлда кей үйлерге жылу беру кешіктіріліп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жылу беруші компанияның мәліметінше, Петропавлда 1184 көпқабатты үй болса, соның үшеуі әлі жүйеге қосылған жоқ.

көпқабатты үй
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Горький көшесіндегі 12 үйге жылу 3 қазанда берілгенімен, көп ұзамай қайта сөндірілген. Сондай-ақ тұрғындар осы күнге дейін ыстық сусыз отырды.

- Бұл үй мемлекеттік бағдарламамен былтыр қарашада пайдалануға берілді, кепілдікте тұр. Мердігер ұйым жылу беруші мамандармен бірлесіп, жылыту жүйесін қалпына келтірді. Ыстық су да түске дейін берілді. Жылу беру барысында жүйеде ауа жиналып қалған екен. Айта кету керек, үй ішіндегі инженерлік желілер меншік иелері бірлестігі немесе меншік иелері кооперативінің қарамағында. Сондықтан қызмет көрсетуші ұйым жылыту маусымына алдын ала дайындалуы қажет, - дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.

Петропавлдағы Батыр Баян, 3 мекенжайындағы 9 қабатты үй тұрғындарының айтуынша, мұнда жылу 2 қазан берілген, бірақ пәтерлер салқын.

тұрғын
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Бұл үйге көшіп келгеніме үш жыл болды, мәселе жылда қайталанады. Қазір пәтердің жартысында жылу бар, ас үй мен төргі бөлменің батареялары мұздай. Мұндай жағдай менде ғана емес. ПИК төрағасы «қысым дұрыс берілмейді» дейді. Былтыр «109» нөміріне хабарласып, комиссия келіп, бірден жылу берілген еді. Биыл күнде ертең деп шығарып салады, - дейді үй тұрғыны Татьяна Давыденко.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, көптеген үй қысқа дұрыс әзірленбеген. Салдарынан ішкі жүйесінде мәселе туындап жатыр.

көпқабатты үй
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Жазды өткізіп алып, жылыту жүйесін, құбырларды енді ауыстырып жатқандар бар. Кей пәтерлерде құбырлар пластикке алмастырылған, дұрыс орнатылмаған, мұның бәрі жалпы үйдің жылыту жүйесіне әсер етіп жатыр. Мәселені баспанаға қызмет көрсетуші ұйымдар шешуі керек, – дейді компанияның баспасөз хатшысы Динара Ходжаева.

Арқаны кеңге салуға болмайды. «Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, қазан айының бірінші онкүндігінде күн жылып, кей жерлерде сынап бағанасы +13 градусқа дейін көтеріледі. Түнде -2-ге дейін күн суытады. Құбылмалы ауа райы екінші онкүндікте де сақталады. Түнде сынап бағанасы -5 градусқа дейін түсіп, күндіз +10 градусқа дейін жылынбақ.

көпқабатты үй
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Ал қазан айының соңына қарай күн суытып, түнде -10, күндіз -5 градус болады деп болжанған. Қар аралас жаңбыр жауып, арты көктайғаққа ұласпақ.

Бұған дейін Павлодар тұрғындары жылу жетіспеушілігіне шағымданғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар