Петропавлда мас күйде сірке суын ішкен екі адам реанимацияда жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда мас күйде сірке суын ішіп, өзіне қол жұмсамақ болған екеудің өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр. 

Петропавлда мас күйде сірке суын ішкен екі адам реанимацияда жатыр
Фото: Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы

Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, біреуі – 49 жастағы ер адам, екіншісі – 47 жастағы әйел. Ауруханаға ауыр жағдайда түскен олар жансақтау бөліміне жатқызылды. 

Дәрігерлердің айтуынша, бұған дейін олар 52 жастағы сырқатты аяққа тұрғызған. 

Емдеу мекемесіне өте ауыр күйде түскен ер адам көмекке жүгінердің алдында 1 сағат бұрын алкогольге мас күйде және суицид жасау мақсатында 70% сірке қышқылын ішіп қойған. 

– Ер адам дауысқа жауап бермеді. Тыныс алуы нашар болғандықтан, реаниматологтар пациентті өкпені жасанды желдету аппаратына қосты. Сол уақытта шокқа қарсы, инфузиялық терапия жүргізіліп жатты, өмірлік маңызды көрсеткіштері тәулік бойы бақыланды, - дейді мамандар.

Сірке қышқылын ішкен оның аузының, жұтқыншағының, өңеш пен асқазанның, аш ішектің шырышты қабығы химиялық күйік алған. Бұған қоса ер адамға «алкогольдік энцефалопатия» диагнозы қойылды. Яғни ұзақ уақыт және шамадан тыс алкоголь тұтынудың салдарынан ми жасушалары зақымданып, ауыр неврологиялық ауруға шалдыққан. 

Сырқат бес тәулік бойы дәрігер мен мейіргерлердің тұрақты бақылауымен реанимацияда жатты. Жағдайы тұрақтанған соң терапия бөлімшесіне ауыстырылды, онда бейінді дәрігерлер емдеуді жалғастырды. 

Емнің нәтижесінде 10-ші тәулікте жағдайы жақсарды, интоксикация белгілері жойылды. Дәрігерлердің ұсынысына қарамастан, ер адам одан әрі емделуден бас тартты.

– 70% сірке қышқылы – ішкі ағзаны қатты күйдіретін қауіпті химиялық зат. Алкоголь ішкен жағдайда адам өзін-өзі бақылаудан қалады, сол себепті ойланбай әрекет етуі мүмкін. Егер жан дүниеңізде ауыртпалық болса, жақындарыңыздан көмек сұраңыз немесе маман көмегіне жүгініңіз. Ал уланған жағдайда әр минут қымбат, ондай кезде дереу жедел жәрдем шақыру қажет, - дейді көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігерлері.

Бұған дейін Шымкентте дәрігерлер биіктен құлаған науқасқа сирек кездесетін ота жасағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум