Петропавлда мас күйінде жол апатын жасаған полиция капитаны қызметінен қуылды

деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Полиция қызметкерлері қызметтік-әскери тәртіпті бұзушыларды анықтауға бағытталған рейд шараларының барысында «Мерседес» автокөлігін ұстады. Шетелдік көліктің жүргізушісі - Петропавл қаласы ІІБ криминалдық полиция бөлімінің оперативтік қызметкері өзіне «көліктен шығып, құжаттарыңды көрсет» деген полицейдің бұйрығына бағынбай, қашып кетпекке әрекеттенген.
Мастықтан екі көзі тұманданған ол екі қала тұрғынын қағып кеткен. Екі әйел де алған жарақаттарына байланысты медициналық көмек сұрауға мәжбүр болған.
Оперативтік қызметкер көлігін көшеде қалдырып, жасырынбақ болған, алайда оны жол күзеті қызметі батальонының қызметкерлері ұстады. Аталған факті бойынша қызметтік тергеу тағайындалды, оның барысында қалалық ІІБ-ның аталған қызметкері көлікті мас күйінде жүргізгені үшін ақпан айында жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Енді оның үстіне жол апаты қосылды.
СҚО ІІД тәртіптік комиссиясының шешімімен полиция капитаны Жігер Хамзин ішкі істер органындағы қызметінен босатылды. Аталған факті бойынша әкімшілік материал жиналып, ол заңды шешім қабылдануы үшін сотқа тапсырылды.