17:15, 23 Сәуір 2014 | GMT +5
Петропавлда моншада болған жарылыс туралы жаңа мәліметтер белгілі болды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - 22 сәуірде сағат 11:20-да Петропавлдың Рабочий кентіндегі Шығыс көшесінде орналасқан «Фирма МГК» ЖШС-ға тиесілі қоғамдық моншаның қазандығы жарылды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Нәтижесінде ұзындығы 4 м, d-130 мм, салмағы 5 тонна қазандық жақын орналасқан бір қабатты жеккеменшік тұрғын үйдің шатырына барып бірақ түсті. Оқиға орнынан 28 жасар монша жағушы беті, екі қолы, бел жақтары ыстық будан 1-3 дәрежелі (денесінің 12 пайызын) күйік алып, ауруханаға жеткізілді» делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, монша шатырының 100 шаршы метр алаңы зақымдалған, тұрғын үйдің төрттен бір бөлігі жанып кеткен.
Оқиға орнында СҚО ТЖД жедел топтары, қаланың ІІБ, прокуратура қызметкерлері жұмыс істеді. Жарылыс себептері мен шығын анытқталу үстінде.