Петропавлда Назарбаев зияткерлік мектебі СҚО-ның ІІД-мен ынтымақтастықты ретке келтірді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 400-ден астам оқушы білім алуда. СҚО ІІД бастығы Берік Біләловтің бастамасымен бұл білім мекемесінде алдын алу кабинеті ашылды.

Петропавлда Назарбаев зияткерлік мектебі СҚО-ның ІІД-мен ынтымақтастықты ретке келтірді

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлайды.

«Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Қазақстанның түрлі қалаларынан, сондай-ақ облыс аудандарынан келген жасөспірімдер білім алуда. 140 оқушы жатақханада, жүзге жуығы - туыстарының үйінде немесе жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. СҚО ІІД бастығы Берік Біләловтің бастамасымен бұл білім беру мекемесінде алдын алу кабинеті ашылды», - делінген хабарламада.

Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша инспектордың міндеті - құқықтық сауаттылықты арттыру, құқықтық сананы нығайту, қауіпсіздік шараларын оқыту, сондай-ақ мектеп ортасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.

«Аталған білім мекемесінің қаланың шалғайдағы аудандарының бірінде орналасқанын есепке ала отыра, мектеп инспекторының міндеттерінің бірі - ондағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондай-ақ жоспарда жол қозғалысы жас инспекторларын дайындау, мектепте жоспарланған әлеуметтік жобаларға көмек көрсету», - деп атап өтті СҚО ІІД бастығының орынбасары Қайрат Оразалин.

Петропавл қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» директорының орынбасары Гүлжан Жақанованың атап өтуінше, бірлескен шаралар жоспары белгіленіп қойды, оған сондай-ақ қызметте жоғары табыстарға жеткен полиция бөлімшелерімен кездесулер өткізу енгізілген.