Петропавлда отбасына зорлық-зомбылық көрсетіп келген ер адам қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны ұрып-соғу фактісі бойынша полиция жан-жақты тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.
СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллиннің сөзінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылып жатыр.
Бұған дейін әйелге қатысты құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын.
Отбасының тұрғылықты жеріне дереу полиция қызметкерлері мен қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары шықты.
Сол күні қажетті бастапқы процессуалдық іс-әрекеттер жүргізілді.
— Әйелдің арызы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер бойынша әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушы әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар, сот оның мінез-құлқына 12 ай мерзімге ерекше талаптар белгіледі, бұл оның әйел мен балаларын олардың келісімінсіз көруіне тыйым салады. Құқық бұзушыға қатысты материалдар қала әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді, — деді Әлібек Ғабдуллин.
Облыстық полиция жағдайдың құқық қорғау органдары мен қорғаншылық қызметінің бақылауында екенін атап өтті.
Басқарма бастығының сөзінше, әйел мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар толық көлемде қабылданды. Қазіргі уақытта балалар анасымен бірге әжесінің қарауында.
Сондай-ақ, бұған дейін ұрып-соғу фактісі бойынша ішкі істер органдарына арыз түспегені айтылады. Осындай жағдайларда дереу 102 нөміріне хабарлау қажет. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша республикалық сенім телефоны 111 жұмыс істейді.
Осыған дейін Атырауда жыл басынан бері зорлық-зомбылық дерегімен 30 қылмыстық іс тіркелгенін жазғанбыз.