Петропавлда өткен сабантойда Татарстан басшысы бүлдіршіннің тұсауын кесті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Өткен демалыс күндері Петропавлда QYZYLJAR SABANTUI мерекесі өтіп, қаланың орталық алаңында ине шаншар жер болмады.
Татар ұлтының дәстүрлі мейрамы биыл кең көлемде, жаңа форматта аталып өтті. Іс-шараға Татарстаннан арнайы қонақтар келді. Делегацияны Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов бастады.
Мерекеде ұлттық салт-дәстүрлер, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Ең әсерлі сәттердің бірі – тұсаукесер рәсімі болды.
Татарстан басшысы Рустам Минниханов қазақтың дәстүрімен аяғын енді тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ жол тіледі. Жәнібек келесі айда бір жасқа толады. Бүлдіршін ерлі-зайыпты Шыңғыс пен Гүлнараның екінші ұлы. Шыңғыс Есендіков жеке кәсіпкер, зайыбы бухгалтер болып жұмыс істейді.
Олардың айтуынша, құрметті қонаққа ұлдарының тұсауын кестіру үшін ұйымдастырушылардың кішігірім байқауынан өтуге тура келген.
- Тұңғышымыздың есімі – Жәңгір. Екінші ұлымыз Жәнібектің тұсауын сәті түсіп, Татарстан басшысы Рустам Минниханов кесті, бұл біз үшін зор мәртебе және өте керемет естелік болып қалмақ. Оның ақ батасымен ұлымыздың өмір жолы жарқын, бақытты, табысты әрі берекелі болады деп шын жүректен сенеміз. Жәнібегіміздің әрбір қадамын игілікке бастап, асқар асуларды бағындыруды нәсіп етсін, - дейді Есендіковтар отбасы.
Бұған дейін Моңғолиядағы дәстүрлі Наадам мерекесі жайында жазған едік.