Петропавлда ірі мөлшерде есірткі таратпақ болды деген күдікпен Астана тұрғыны ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Астананың 27 жастағы тұрғыны Петропавл аумағында синтетикалық есірткі тарату үшін арнайы келген. 

Петропавлда ірі мөлшерде есірткі таратпақ болды деген күдікпен Астана тұрғыны ұсталды
Фото: СҚО ПД

Таксимен жеткен ер адамды өңір полицейлері жолда қолға түсірді.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің рюкзагынан таратуға дайындалған үш орама алынып, тәркіленді. Тағы бір орама астаналық тұрғынның қалтасынан табылды.

Сараптама олардың құрамында синтетикалық есірткі — α-PvP бар екенін көрсетті. Тәркіленген заттың жалпы салмағы — 230 грамм. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам психотроптық заттарды тарататын интернет-дүкенде тасымалдаушы және есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырушы қызметін атқарған.

Оның айтуынша, интернет-дүкенде жұмыс істей бастағанына шамамен екі апта болған және бұл оның Петропавлға есірткімен келген екінші сапары. Қазір осы факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Полицейлердің айтуынша, жыл басынан бері СҚО полицейлері заңсыз айналымнан 462 есірткі затын тәркіледі. Оның ішінде 8 келісі — синтетикалық есірткі.

Бұған дейін Астанадан Петропавлға таратуға 120 түйіншек есірткі әкелген күдікті ұсталғанын жазған едік.