Петропавлда су басу қаупі бар «Қызылжар су» кәсіпорны бөгеттерді нығайтып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы маңызды нысандардың бірі – «Қызылжар су» ЖШС-гі су тасқынына дайындықты бүгін-ертең аяқтамақ. Кәсіпорын тасқын судан қорғану үшін бөгеттерді тағы бір метрге жоғарылатты.

«Қызылжар су» ЖШС-нің атқарушы директоры Арман Сауытовтың айтуынша, кеше бөгетті тағы бір метрге көтеру қажеттігі туралы тапсырма түскен. Қазіргі уақытта қызу жұмыс жүріп жатыр. Қажетті құм-балшықты әкімдік жеткізіп берсе, қалғанын өз жұмысшылары атқарып жатыр.
«2015 жылы су тасқыны болатынын білгенде біз өзіміз ешкімді күтпей бөгет құрылысын бастадық. Осылайша 3-4 күннің ішінде салып шықтық, соның нәтижесінде су біздің аумаққа кірген жоқ.
Ал 2017 жылы ауқымды су тасқыны болғанда жайылған су «Қызылжар су» ЖШС аумағына да кірді. Биыл да су басу қаупі жоғары, сол себепті кәсіпорын аумағында да биіктігі 1-1,5 метрлік бөгет салып жатырмыз. Ұзындығы – 400 метр болады», - дейді Арман Сауытов.
Маманның айтуынша, тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ.
Кәсіпорын аумағында екі станция орналасқан. Бірінші станция Есіл өзенінен суды сорып, қалалық су желісіндегі су тазарту құрылыстарына жібереді. Ол жерде сүзгілерден өтіп, тазартылып, екінші станция арқылы қалаға таза су беріледі. Бүгін-ертең кәсіпорын аумағында су тасқынына қарсы жұмыстарды аяқтаймыз», - дейді Арман Сауытов.
Бұған дейін СҚО-да өткен тәулікте 5 елді мекеннен 178 адамның қауіпсіз жерге шығарылғанын айтқан едік.