Петропавлда сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық форум өтті

ПЕТРОПАВЛ.   Желтоқсанның  2-сі. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Сәрсенбі күні Петропавлда  «Нұр Отан»  партиясы  облыстық филиалының төрағасы,  облыс  әкімі Серік Біләловтің   жетекшілігімен   сыбайлас жемқорлыққа қарсы  облыстық форум     өтті. 
None
None

«Нұр Отан»  партиясы басшылығының     тапсырмасына сәйкес   өткізілген   бұл  шара  мемлекеттік   және  қоғамдық  институттарды  жұмылдыруға бағытталды.

Форумның күн тәртібінде    облыстық филиалдың   Сыбайлас   жемқорлықпен күрес  жөніндегі    партиялық бағдарламасын  жүзеге асыру жөніндегі 2009 жылғы жұмыс  қорытындысы   қаралды.    Аймақ басшысы  жиналған қауымды     аталмыш бағдарламаның   Солтүстік  Қазақстан облысында  жүзеге асырылу барысы жайлы хабардар етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен  хабарлағандай,  2008   жылдың  қараша айында  өткен  сыбайлас жемқорлыққа     қарсы   І форум   жемқорлыққа қарсы  көзқарасты  қалыптастыруға,      мемлекеттік  және  қоғамдық институттарды  жемқорлыққа қарсы күреске     жұмылдыруға   мол   үлес  қосты.     Сөйтіп, форум    мұндай басқосуды   тұрақты негіздегі  диалог  алаңына айналдыру  туралы  шешім қабылдап еді.

Бұл  жолғы форумда «Нұр Отан»  партиясының  облыстық филиалы   жанындағы   Сыбайлас жемқорлықпен күрес  жөніндегі қоғамдық  кеңестің  төрағасы Серік Алмолдин,  облыс прокуроры Асқар Досекенов,  «Нұр Отан»  партиясының Тайынша аудандық филиалының  төрағасы, аудан  әкімі Анатолий Маковский,  Мемлекеттік қызмет істері  жөніндегі агенттіктің  Солтүстік Қазақстан облысы  бойынша  басқарма  бастығы, Тәртіптік  кеңестің   төрағасы Мерей Байлин,  т.б.    сөз сөйледі.  Қатысушылар    мәжіліс    қорытындысы  бойынша       сәйкес қарарлар  қабылдады.

Форум  жұмысына  «Нұр Отан»  партиясының  жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен  күрес  жөніндегі   республикалық   қоғамдық кеңестің  төрағасы,  Сенат  депутаты Оралбай  Әбдікәрімов, сондай-ақ партияның  аумақтық филиалдарының   төрағалары мен  төрағалардың бірінші  орынбасарлары,     Жемқорлықпен күрес  жөніндегі қоғамдық кеңестердің төрағалары,  т.б.  қатысты.

Соңғы жаңалықтар