Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге берілген үйдің қабырғасы сөгіліп тұр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы «Бірлік» шағын ауданының тұрғыны Максим Черников жаңа баспанасының сыйқын көрсетіп, шағымданды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода қала тұрғыны қабырғадағы жарықтардың биыл сәуір айында пайда болғанын айтты. Ер адам шытынаған қабырға кез келген уақытта құлап кете ме деп қауіптенеді. https://www.facebook.com/reel/1587391139103074
- Мамыр айынан бастап құрылысты жүргізген мердігерге хабарласып жатырмын. «Келеміз, істеп береміз» деп құры уәде етеді. Келесі жылы бұл үйдің кепілдік мерзімі бітеді. Ешкім келген жоқ, ешкім жағдайымызды білмеді, - дейді Максим Черников.
2024 жылы «Бірлік» шағынауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін қысқа мерзімде 700 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, барлық үйге екі жылдық кепілдік берілген. Осы уақыт ішінде мердігер компаниялар анықталған кез келген ақауды тегін жөндеуге міндетті.

Бүгін қала әкімі Серік Мұхамедиев осы шағын ауданға барып, Максим Черниковтың үйін көрді.
- Қандай баспана болмасын күтімді қажет етеді. Десек те, құрылысшылардың жұмысына қатысты да сын бар. Бірқатар компания өздері тұрғызған үйлерді үнемі бақылауда ұстап отыр. Ал бұл үйге тұрғындар Қызылжар ауданынан су тасқынынан кейін қоныс аударды. Бұған дейін шағым болмады. Қазір қарап шықтық. Жөндеп, қалпына келтіруге болады, - дейді Серік Мұхамедиев.
Петропавл әкімі жөндеу жұмыстарының бүгін-ертең басталатынын айтты.
- Қазан айының басында осы шағын ауданда әкімдердің көшпелі қабылдауын өткіздік. Бірақ ол жолы екі адам ғана кездесуге келді. «Бірлік» шағын ауданының ортақ чаты бар, біз де онда отырмыз, - дейді Серік Мұхамедиев.
Бұған дейін жыл сайын су басатын Петропавлдағы Заречный кенті тұрғындары қашан көшірілетінін жазған едік.