Петропавлда төбелес кезінде оқ тиген жігіттің аяғы кесілді

1-ші қалалық аурухананың бас дәрігері Галина Маметова зардап шеккен жігіт ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгенін айтты. Қазір оның өміріне еш қауіп жоқ.
«Жігітті оқиға орнынан жедел жәрдем көлігімен алып келді. Жарақаты, қан кету салдарынан жағдайы ауырлай түскен. Оқ аяғының төменгі сол жағына, тізе буынына тиген. Қажетті медициналық көмек көрсетілді. Консультанттар шақыртылды. Себебі тамыр-нерв түйіні толықтай жарылып, аяғының төменгі бөлігі жансызданып қалған.
Дәрігерлер консилиумы аяғын кесуге шешім қабылдады. Екі тәулікте науқастың жағдайы тұрақталды. Жағдайы қалыпты. 7-8 күн ауруханада жатады», - деді Галина Маметова.
Жастар арасындағы атыс өткен демалыс күндері болған , үш күдікті ұсталды. СҚО ІІД деректеріне сәйкес екі жақ керісіп қалып, соңы төбелеске ұласқан. Осының салдарынан төбелеске қатысқандардың біріне бытыра оғы тиген. ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.