Петропавлда төтенше жағдай жарияланғаннан кейін зардап шеккендерге өтемақы берілмек

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда болған өрттен зардап шеккен 11 отбасы өтемақы алады. Шаһарда төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін тәуелсіз сарапшылар келген материалдық шығын мөлшерін есептеуге кіріспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігі 7 мамыр күні «Береке» шағын ауданында болған өртке қатысты қазір қандай жұмыс істеліп жатқанын айтты.

Бүгінде тергеу жүруде, әзірге өрттің шығу себебі анықталған жоқ.

Қала әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасованың айтуынша, 7 мамыр күні төтенше жағдай бойынша комиссия құрылып, олар тиісті жұмысты атқарып жатыр.

«8 мамыр күні олар өрт болған жерді тексеріп шықты, нәтижесінде 9 үйдің толық жанып кеткенін және тағы екі баспананың ішінара зақымданғанын анықтады. Сол күні комиссия зардап шеккендерге уақытша тұратын үй беру мәселесін қарады, қазіргі уақытта 7 отбасы жалға берілетін пәтерлерге демеушілердің ақшасына орналастырылды. Олар күнделікті тұрмысқа қажет барлық керек-жарақпен: азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, жеке гигиеналық құралдармен қамтылды.

Қазір тағы 4 отбасы біз ұсынған шешіммен келіспей жатыр, сол себепті басқа нұсқаларын қарап жатырмыз. Пәтерлерді олардың балалары баратын мектептердің жанынан іздейміз. Отбасының құрамы да есепке алынады. Олар әзірге туған-туыстарында тұрып жатыр», - дейді Эльмира Сәдуақасова.

Маманның айтуынша, жалға берілетін пәтерлер облыс орталығындағы орташа баға бойынша алынды. Ал 4 отбасы қоныстанғысы келген пәтерлер нарықтағы бағадан жоғары.

«8 мамыр күні «Ашық» нормативтік-құқықтық актілердің порталында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін енгізу жөнінде қаулының жобасы жарияланды. Қазіргі уақытта онлайн түрде талқылау жүріп жатыр.

Төтенше жағдай режимі бізге зардап шеккендерге заң аясында көмек көрсету үшін қажет. Мәселен, осыдан кейін үй иелеріне 100 АЕК мөлшерінде жәрдемақы беріледі.

Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін тәуелсіз сарапшылар келген материалдық шығын мөлшерін есептейді. Осыдан кейін зардап шеккендерге өтемақы беріледі. Ол ақшаға баспана алуларына болады. Бүгін құжаттары жанып кеткен отбасылар жаңадан жеке куәліктерін істетіп жатыр», - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы.

15 жылға шақталған Петропавлдың бас жобасы бойынша бүгінде күлге айналған үйлер сүрілуі тиіс болатын.


Соңғы жаңалықтар