Петропавлда қыркүйектен бастап жылу тарифі өзгереді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда бизнес үшін тариф биыл 1 мамырдан бастап — 20%, тұрғындар үшін 1 қыркүйектен 15% өсті. Ал бюджеттік ұйымдар үшін тариф шамамен екі есеге артты.

Казахстанцам вернут порядка 1,6 млрд тенге за отопление
Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті

Бұл туралы «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры Виталий Холоша Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі отырысында мәлімдеді.

— Бес жылдық тариф наурыз айында бекітілді. Қазір тарифті түзету бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биылғы жылыту маусымында тұрғындар мен заңды тұлғалар үшін қосымша өсім болмайды, — деді Виталий Холоша.

Оның айтуынша, жылу тарифіне электр станциясынан энергия сатып алу, жылу желілерін пайдалану, қызметкерлердің еңбекақысы, құбырлар мен жабдықтарды жөндеу шығындары кіреді.

Кәсіпкерлер жиында жылу шығынын есептеу әдістемесіне де қатысты сұрақ қойды. Өңірлік кеңес мүшелері желтоқсанда да, сәуірде де жылу шығынының сомасы айтарлықтай өзгермейтінін айтты.

Петропавлда тұрғындар үшін жылу тарифі қыркүйектен бастап 15% өсті
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Кәсіпорын басшысы жылу шығыны құбырдың ұзындығына, оқшаулауына, оның жер астында немесе жер үстінде орналасуына және орташа айлық ауа температурасына байланысты есептелетінін түсіндірді. Өз жылу желілерін қайта жаңғыртқан немесе күрделі жөндеуден өткізген кәсіпорындар шығын коэффициентін қайта есептеуге өтініш бере алады.

Кәсіпкерлер сондай-ақ шағын «үй жанындағы» дүкендерге жеке тариф белгілеуді немесе оларды жеке тұлғалар санатына теңестіруді ұсынды. Алайда қолданыстағы заңнамада тұтынушылардың үш санаты ғана қарастырылғандықтан, жеке коммерциялық нысандар үшін тарифті төмендету мүмкін емес екені айтылды.

Кездесу қорытындысында Кәсіпкерлер палатасы мұндай талқылаулар бизнеске коммуналдық шығындарды алдын ала жоспарлап, кәсіпорындардың қаржылық тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін Қостанай облысында жылу тарифі қайта қаралғанын жазған едік.