Петропавлда тұрғынның салоннан сатып алған көлігі жаңа болмай шықты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Сот тұтынушының талабын қанағаттандырды.

Автосалон автомобиль
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, жаңа автокөлік сатып алған Петропавл тұрғынының қуанышы ұзаққа бармады. Көлікті тексере келе, оның алдыңғы кузовының бір бөлшегінің түсі өзгеше екенін байқаған. Қала тұрғыны сараптама жасатып, күдігі расталды — көлік оған сатылмас бұрын, оң жақ «қанаты» қайта боялған болып шықты. 

Тұтынушы құқығын қорғау үшін сотқа жүгінді. Бірінші сатыдағы сот оның талабын қарап, автосалонның тұтынушыны алдын ала хабардар етпей, сапасыз тауар сатқанын анықтады.

Соның негізінде көлік бөлшегін ауыстыру және моральдық зиян үшін өтемақы төлеу туралы көлік иесінің талаптарын қанағаттандырды. 

Алайда автосалон өкілдері бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Дегенмен, облыстық сот істің барлық мән-жайын қайта зерделеп, бастапқы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстанда ең көп сатылған автокөлік түрлері туралы жазған едік.