Петропавлда «Ұлы Жеңістің қадамы» атты көрме ашылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Көрме Жеңістің 80 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде жұмыс істеп жатыр.

Келушілердің назарына Отан соғысының батырлары туралы мол мәлімет, құжаттар, фотолар, майдангерлердің ұстаған жеке заттары, қару-жарақ және фашистерден алынған трофей бұйымдар қойылды.

Жәдігерлердің басым көпшілігін соғыс ардагерлерінің туған-туыстары әкеліп тапсырған. Мәселен, 858-ші артиллериялық полк батареясының командирі Иван Прядконың соғыста түскен фотосын, тапанша қабын, сыйға алған қалта сағатын және ең құнды жәдігер – қол орамалын көруге болады. «Ванюша, возвращайся с победой» деп анасы кестелеп жазған орамалды ол соғыс бойы жан қалтасынан тастамаған екен.

Музейге соңғы тапсырылған құжаттардың бірі – жауынгер Филипп Ельцовқа қатысты.

- Новгород жерінде 80 жылдан кейін оның сүйегі, жеке заттары, жауынгерлік медальоны табылды. Құжаттарындағы жазудан оның аты-жөнін, Солтүстік Қазақстан облысынан екенін оқу мүмкін болып, бұл жақта туыстары табылды. Олар бұл құнды дүниені бізге әкеліп берді.
Жалпы бұл көрмеге 400-ден астам фотография қойылды. Оның 130-ы бұрын ешқайда көрсетілмеген жаңа суреттер, - дейді музей қызметкері Вера Андреева.

СҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельниковтың айтуынша, соғыс жылдары СҚО-дан майданға нақты қанша адам кеткендігі туралы әлі күнге дейін нақты ақпарат жоқ.

- 29 томдық кітап шықты, бірақ оған майданнан аман-есен оралғандардың 30% да жазылмаған. Неліктен? Зерттелмей жатыр. Туған-туыстары, өлкетанушылар ат салысуы керек еді. Біздің облыс аумағына елді мекендер біресе қосылды, біресе алынды. Мұның бәрі статистикаға әсер етті. Менің зерттеуімше, соғысқа 145 мыңнан астам солтүстікқазақстандық аттанды. Оның 72 мыңы аман оралды, - дейді Анатолий Корабельников.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Петропавл қаласына «Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру үшін құжаттар әзірленіп жатқанын жазған едік. Елімізде бұл атақты Астана, Алматы және Қарағанды қалалары биыл алды.





