Петропавлда урбанистика департаменті құрылды: ол немен айналысады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда қаланың сәулеті мен келбетіне жауап беретін жаңа құрылым пайда болды.

Ботанический сад Петропавловска получил статус особо охраняемой природной территории
Фото: СҚО әкімдігі

Урбанистика департаменті тамыз айында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрамында жұмысын бастап кетті. Жаңа құрылымның директоры болып Ринат Джуасбаев тағайындалды. Штатта бес адам еңбек етеді.

Департаментке өңірдегі урбанистика мәселелерімен жүйелі түрде жұмыс істеу міндеттелген, яғни Петропавлдың ғана емес, облыстағы Тайынша, Сергеевка, Мамлютка және Булаево қалаларының да сәулеттік келбетін қалыптастырып, оны заманауи талаптарға сәйкестендіруі қажет.

Қазір департамент Петропавлдың биыл бекітілген дизайн-кодымен жұмысты бастап кетті.

- Дизайн-код қаладағы ғимараттардың қасбеті, маңдайша-жазулар, түс үйлесімі, көгалдандыру, жарықтандыру, көше жиһазы мен абаттандыру элементтеріне қойылатын ортақ талаптарды белгілейді. Осының бәрінің ортақ бір қағидаға сай қалыптасуы. Бұл әсіресе орталық көшелердегі ғимараттардың сыртқы келбеті, жарнамалар мен маңдайшалардың орналасуы, көшелердің жарықтандырылуы мен көгалдандырылуына қатысты, - дейді Ринат Джуасбаев.

Маманның айтуынша, бүгінде Петропавлдың дизайн-кодын іс жүзінде енгізу жолдары пысықталып жатыр. Яғни, нормативтік-құқықтық құжаттарда міндетті талап ретінде бекіту, кәсіпкерлерге бейімделу кезеңін беру және талапқа сай келмейтін нысандарға қатысты шаралар қолдану. Бұл қала қызметтері мен бизнес арасындағы жұмысты бір жүйеге келтіруге бағытталған.

Жақында Урбанистика департаменті сараптамалық, әдістемелік және жобалық қолдау көрсету үшін Астанадағы Урбанистика орталығының бейінді сарапшыларын тарту жөнінде алдын ала келіссөздер жүргізді.

- Өңірде тұрғын үй қорын жаңарту мәселесі де қарастырылып жатыр. Облыстық мәслихаттың сессиясында Солтүстік Қазақстан облысының 2026–2029 жылдарға арналған тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы бекітілді. Бұл құжат апатты жағдайда тұрған баспаналарды бұзып, тұрғын үй иелерін жаңа пәтермен қамтамасыз етуді көздейді. Қазіргі уақытта мәліметтер нақтыланып жатыр, - дейді департамент басшысы.

Бұған дейін Президент астаналық Урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерге тарату қажеттігін айтқанын жазған едік.