10:35, 16 Наурыз 2020 | GMT +5
Петропавлда үшем дүниеге келді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 32 жастағы келіншек үш қызды дүниеге әкелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Перинаталдық орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының тұрғыны 32 жастағы келіншек үш сәбиді 2 наурыз күні дүниеге әкелген. Бірінші шақалақ сағат 14.47 минутта, қалған екеуі араға бір минуттан салып өмірге келген. Мерзімінен ерте келген сәбилердің салмағы – 1 кг 871 грамм, 1 кг 408 грамм және 1 кг 555 грамм. Қазір олар қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр.
Үшемді дүниеге әкелген келіншектің ұлты – орыс. Мамандардың айтуынша, күйеуімен азаматтық некеде тұрады. Тұңғыш қызы 2 жаста ғана.
СҚО-да соңғы рет үшем 2015 жылы туған екен. Сол жылы бірден үш үшем өмірге келіпті.