Петропавлда волейболдан әйелдер арасында ұлттық лига командалары сынға түседі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл қаласында 12 қаңтар күні волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты кезекті турының ойындары басталады.

волейбол
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Өскемен қаласында өткен екі турдан кейін қос клуб көш басында келеді. 

Өскеменнің «Берелі» жеңіс саны жөнінен алда тұрса, өткен жылғы кубок пен суперкубок иегері «Жетісу» (Талдықорған) — әзірге ұпайды (38) ең көп жинаған команда.

Петропавлда 20 қаңтар күні қос команда өзара үшінші рет кездесіп, қайсысының мықты екендігін анықтайды. 

Тағы бір тартысты бәсеке 17 қаңтарда «Жетісу» мен «Қуаныш» (СҚО) арасында болады.

Солтүстікқазақстандықтар өз алаңында сәтті өнер көрсетсе, үшінші орында келе жатқан «Қарағандыны» қуып жетіп, басып оза алады. 

Бүгін «Берел» өткен жылғы ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) командасын сынап көреді.

Өскемендіктер өз алаңында тек тай-брейкте ғана ұтқан болатын. Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын түркістандықтар алғашқы турларда біраз ұпай жоғалтып алды. Енді соның орнын толтыруға тырысатыны анық.

Сондай-ақ 12 қаңтарда «Ертіс» — «Ару-Астана», «Грация KZ» — «Алматы», «Жетісу» — «Қарағанды», «Қуаныш» — «Ақтөбе» командалары өзара сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында түркістандықтар «Қуанышты» қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар