13:37, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Петропавлда зейнетақы салымдарының сақталу мәселелері бойынша «дөңгелек үстел» болып өтті
ПЕТРОПАВЛ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ – Кеше Петропавлда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында әлемдік экономикалық дағдарысы жағдайында халықтың зейнетақы салымдарының сақталу мәселелері бойынша «дөңгелек үстел» болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Онда ҚР азаматтары банктік салымдары мен зейнетақы салымдарының тұрақтылығын сақтау мәселелері талқыланды. «Дөңгелек үстел» отырысына Қазақстанның Ұлттық банкі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының өкілдері қатысты. Ұлттық Банктің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Галина Зенченконың атап айтқанындай, қазіргі уақытта Петропавлда екінші деңгейлі банктердің 14 филиалы жұмыс істейді, Ұлттық банктің облыстық филиалы олардың қаржы шаруашылықтарына мониторинг жүргізеді. Жалпы алғанда олар тұрақты жұмыс істейді және шаруашылық жүргізуші субъектілеріне несиелер береді. «Дөңгелек үстелдің» отырысында елдегі және аймақтағы қаржы-экономикалық тұрақтылықты сақтаудың басқа да мәселелері, әлемдік қаржы дағдарысының салдарларын жою бойынша ҚР Үкіметінің, ҚР Ұлттық Банкінің және Қаржылық қадағалау агенттігінің қолданып отырған іс-шаралары талқыланды.