Петропавлда жаңа шағын аудан мен 28 көшеге атау берілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда қоғамдық тыңдау өтіп, жаңа шағын аудан мен ондағы 28 көшеге қазақша атаулар берілді.

Петропавл қалалық мәслихатының тұрақты депутаттық комиссияларының қоғамдық тыңдауы өтіп, қалалық мәслихат депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Павел Афанасьев төрағалық етті.
Тыңдауға қатысушылар барлық атауларға дауыс беріп, бірауыздан қабылданды. Енді жаңа шағын аудан «Бірлік» деп аталады. Ал көшелердің атаулары ұлттық құндылықтарды, мәдени мұра мен тарихи маңыздылықты бейнелейтін сөздерден тұрады. Олардың қатарында: «Атамекен», «Ақжайлау», «Арман», «Ырыс», «Ботай», «Домбыралы», «Азаттық», «Шапағат», «Бәйтерек» сынды атаулар бар.
- Тыңдауда маңызды ұсыныс та айтылды — Жеңістің 80 жылдығы аясында Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарының есімдерін көшелерге беру арқылы мәңгі есте қалдыру.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар ұсынысты қолдады. Нәтижесінде тарихи маңызы жойылған ескі атаулардың орнына көшелерге: Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова және Петропавлдан шыққан Кеңес Одағының Батырлары: Виктор Быковский, Александр Карушин, Гавриил Кирдищев, Михаил Малиев, Владимир Овсянников, Николай Подорожный, Иван Устинов есімдері берілетін болды. Бұл ұсынысты жүзеге асыру үшін қалалық және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту басқармаларына тиісті тапсырма берілді, - дейді Павел Афанасьев.
Естеріңізге салайық, Алматыда 200-ден астам көшеге жаңа атау берілетіндігін жазған едік.