Петропавлда жаңбырдан кейін көшелер шалшыққа айналып, жертөлелерді су басқан

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Сағаттап жауған жауыннан Петропавл көшелерін су басып, жергілікті тұрғындарды әуре-сарсаңға салды. 

Петропавлда жаңбырдан кейін көшелер шалшыққа айналып, үйлерді су басқан
Фото: freepik

Петропавлдықтар әлеуметтік желіде баспаналарына су кіргенін айтып, бейнежазбалар жариялады. 

«Орман» шағын ауданы тұрғынының айтуынша, олар бұл мәселемен екі жыл бойы күресіп келеді. Көктемде нөсер жауын жауса, мұндағы үйлердің жертөлелеріне су кіреді. Соның салдарынан тұрғындардың көп дүниесі су астында қалған. 

Қазіргі уақытта осы мәселеге қатысты Петропавл қалалық әкімдігіне ресми сауал жолданды. 

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, өңірге солтүстік-батыс циклоны әсер етіп жатыр. Салдарынан Петропавл мен Қызылжар ауданында бір тәулікте айлық норма – 43,6 мм жаңбыр жауған. 

Мамандардың айтуынша, ертең аспан ашық болады. 

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы – Қостанай бағытымен қатынап жүрген жолаушылар пойызындағы қолайсыз жағдайды көрсететін бейнежазба тараған болатын. Ондағы кадрлардан вагон ішіне жаңбыр суының сорғалап ағып жатқанын көруге болады. 

Соңғы жаңалықтар